2022 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Алайда, заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енді, яғни, қарыздары бар және оларды өтей алмайтын азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алды.
Банкроттық туралы заң үш рәсімді қарастырады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқығы жоқ.
Соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беру үшін борышкердің екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызы 1600 АЕК-ке жетпеуі қажет. Сонымен қатар, келесі талаптар орындалуы тиіс: ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, мүліктің болмауы, өтінім берілгенге дейінгі соңғы он екі айда қарыздар бойынша төлемдердің жасалмауы, соңғы жеті жыл ішінде соттан тыс банкроттық рәсімінің жүргізілмеуі, сондай-ақ борышкерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты мен микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілуі.
Соттан тыс банкроттыққа 5 жылдан астам уақыт бойы қарыздарын өтемеген азаматтар да өтініш бере алады, оларға жоғарыда аталған талаптар қолданылмайды. Сонымен қатар, алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған тұлғаларға соңғы он екі ай ішінде төлем жасалмауы туралы талап қойылмайды.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы қажетті құжаттар (арыз, қарыз сомасын көрсететін кредиторлар тізімі, орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілгенін растайтын құжат көшірмесі) жіберілгеннен кейін, он бес жұмыс күні ішінде бас тарту туралы хабарлама алынады. Егер бас тарту болмаса, банкроттық рәсімі алты ай ішінде жүзеге асырылады. Банкроттықтың нәтижесінде жеке тұлға “банкрот” статусын алады.
Соттан тыс банкроттыққа құжаттарды тапсырған кезде көптеген азаматтар «орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдер» туралы сұрақтарға тап болады. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі» заңына сәйкес, несиені төлеу мерзімі өткеннен кейін отыз күн ішінде қарыз алушы – жеке тұлға банкке немесе микроқаржы ұйымына өзінің банктік қарыз шартына өзгерістер енгізу туралы жазбаша өтініш беруге құқылы.
Борышкердің өтініші міндетті түрде қабылданып, тіркеліп, қаралуы тиіс. Өтініште қарызды төлеуге қабілетсіздік себептері көрсетіліп, бұл жағдайды растайтын құжаттар қоса берілуі қажет. Яғни, борышкер өз қаржылық немесе әлеуметтік қиындықтарын дәлелдеп, тиісті құжаттарды ұсынуы керек. Егер дәлел құжаттар ұсынылмаса, арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін. Борышкер барлық қажетті құжаттарды тапсырған жағдайда, кредитор өтінішті қарастырады. Бұл процесс барысында кредитор борышкердің төлем қабілеттілігін, әлеуметтік-материалдық жағдайын, кепілге қойылған тұрғын үйдің жалғыздығын, сондай-ақ қарыз бойынша міндеттемелерін уақытында орындауын ескеруі қажет. Нәтижесінде, 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беріледі. Банк немесе микроқаржы ұйымы борышкердің ұсыныстарымен келісуі, өз ұсыныстарын енгізуі немесе өтінішті қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздемелер көрсетуі мүмкін.
Азаматтар бұл рәсімге өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобилді қосымшасы арқылы бере алады. Осы мақсатта «Қолдау» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерилеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алады. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы.
Ескере кететін бір мәселе – 2024 жылдың 19 маусымында Президент «Кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заң аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілгені туралы хабарлаймыз. Азамат өтініш берген кезде несие берушімен борышты реттеу туралы құжатты қосымша ұсыну қажеттілігі жойылды. Енді барлық қаржы ұйымдары жүргізілген реттеу туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге міндетті.
Өтінішті толтыру кезінде несие берушілер алдындағы қарыздың нақты сомасын және несие берушінің атын көрсету міндетті емес, себебі бұл ақпарат несиелік бюролардың базасынан алынады. Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық кредиторларының тізіміне жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымдарымен қатар, банк операцияларын жүргізу және микроқаржы қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылған микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ таратылған немесе тарату сатысындағы ұйымдар да кіреді. Бұдан басқа, қарыз банктік шарттары бойынша талап ету құқықтары бар, қарыз шарттарына және жеке тұлғаларға микрокредит беру туралы шарттарға ие басқа ұйымдар да осы тізімге енеді.
Енді өтеу ретінде айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын төлемдер есептеледі, ал өтеудің болмау мерзімі, егер коллекторлық агенттік төлемнің болмауының басқа мерзімін растамаса, коллекторлық агенттікке талап берілгенге дейінгі соңғы төлем жасалған күннен бастап есептеледі. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден мыналар алынып тасталды: кредиторлар алдында 12 ай ішінде өтеудің болмауы фактісі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуы.
Келесі нормаларға қатысты өзгерістер енгізілді:
қаржы басқарушысының қызметі. Енді уәкілетті орган қаржы басқарушысын тағайындап қана қоймай, егер қызметте бұзушылықтар анықталса, оны қызметінен шеттете алады;
қаржы басқарушысының өз сыйақысын алу құқықтарын қорғауға арналған түзетулер енгізілді;
жұбайының соттан тыс банкроттықты қолдануға келісім беруі міндетті болып табылады;
борышкердің кредиторға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы хабарлау міндеті жойылды.
Борышкер немесе кредитор қарызды қайта құрылымдау жөнінде келесі ұсыныстарды жасауға құқылы: банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету; шетел валютасында берілген банктік қарыздың негізгі борышының қалдық сомасын ұлттық валютаға ауыстыру; негізгі борыш пен сыйақы төлемдерінің мерзімін ұзарту; берешекті өтеу тәсілін немесе тәртібін, соның ішінде негізгі борышты бірінші кезекте өтеу арқылы өзгерту; банктік қарыз шартының әрекет ету мерзімін өзгерту; мерзімі өткен негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны кешіру, сондай-ақ тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) бойынша талаптарды жою.
Банктің немесе микроқаржы ұйымының арызда көрсетілген талаптарға қатысты бас тарту туралы жауабы немесе борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, арыздың көшірмесі немесе электрондық форматта жіберілгені туралы растама рәсімнің жүргізілгенін дәлелдейтін құжаттар болып табылады.
Жеке тұлғаның банкрот деп танылуы – “жеті рет өлшеп, бір рет кесілетін” мәселе. Себебі, банкроттықтың жеке тұлға үшін салдары бар: банкрот болып танылғаннан кейін бес жыл ішінде несие немесе микронесие алу мүмкіндігі болмайды, кепіл немесе кепілгер бола алмайды (ломбардтан басқа), үш жыл бойы қаржылық жағдайы бақылауда болады және қайтадан банкрот ретінде жеті жылдан кейін танылуы мүмкін.
Айгерім ОМАРОВА,
Шымкент қаласының
азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.