Кеше облыс әкімдігінде Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылордадағы көшпелі брифингі өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы жылдың он ай қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өңір басшысы атқарылған жұмыс пен алдағы мақсат-мүдде, қолға алынған жаңа бастамалар барысын сөз етіп, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына тұшымды әрі дәйекті түрде жауап берді.
Қазір Қызылорда облысында экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқан. Алдағы меже – осы дамуды жетілдіре түсу.
Облыс әкімі сөз басында атап өткендей, тамыры тереңге тартқан Қызылорда шежірелі уақыттар белесінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда өсіп-өркендеп, дамып келеді. Мемлекет басшысы облысымызға жасаған сапарында аймағымызды алтын бесікке теңеп, «дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды өңір» деп баға берген болатын.
– Ел Президентінің бұл ерекше бағасы облыс халқына, бізге үлкен жігер беріп, қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда.
Сіздерге Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндауға рұқсат етіңіздер, – деді облыс әкімі.
Осы жылдың 10 айының қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада 1-ші орында.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 0,8 (903,5 млрд теңге), өңдеу өнеркәсібі – 22,8 (298,1 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 3,0 (193,1 млрд теңге), тұрғын үй – 7,4 (697,0 мың ш.м.), көлік – 3,5 (241,8 млрд теңге), сауда – 6,5 (656,0 млрд теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 50 (193,9 млрд теңге) пайызға артты.
Биылға жоспарланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд 300 млн теңгесі 10 айда орындалды. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар.
– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады.
Бюджетіміздің 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Облыстың даму бюджеті соңғы 2 жылда 3,6 есеге артты (2022 ж. – 50 млрд теңге, 2023 ж. – 127 млрд теңге, 2024 ж. – 180,3 млрд теңге).
Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты.
Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылдан бастап өңірлер арасында алдыңғы қатардамыз (1-ші орын).Соңғы 3 жылда облыста құны 30 млрд 300 млн теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба жүзеге асып, іске қосылды. Мұнай өндіру саласының облыс экономикасында жоғары үлесі бар болғандықтан, әлі де геологиялық зерттеу жүргізудің маңызы зор. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геологиялық зерделеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Бұл жұмыстарға 6 млрд 300 млн теңге қаржы қаралған, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі нақтылай түскендей, биыл республикалық бюджеттен «Сырдария» бассейнін зерттеу жұмыстары басталуда (мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде, құны – 4 млрд 300 млн теңге, мерзімі – 3 жыл). «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 мың 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталып, қазір шамамен 3 мың 820 метрге жетті.
«Саутс-Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнындағы қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілмен өндіру жобасын бастады. Келер жылы жоба жүзеге асады деп күтілуде. 2025 жылдан бастап «Қазгермұнай» компаниясындағы сұйытылған мұнай газын өңдеу қондырғысының жылдық қуаттылығын алдағы 10 жылда 120 мың тоннаға дейін арттыру бойынша Энергетика министрлігімен жұмыстар жасалуда.
Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға соңғы 2 жылда (2022-2023 жж.) әртүрлі көздерден 12 мың 400 жобаға 127 млрд 500 млн теңге тартылған. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып отыр. Ал биыл барлық қаржы көздерінен 63 млрд 523 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің 3 мың 761 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесімен кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жететін болады (2022 ж. – 19,1%, 2023 ж. – 19,9%).
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асты. 713 жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл бағдарлама аясында 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өту қажет.
Өткен аптада Үкімет басшысы Олжас Абайұлы жобаларға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республикада кеңінен таратуға тапсырма берді.
Экономиканың барлық саласында 2022-2023 жылдары 66 мыңнан астам (оның ішінде тұрақты – 34997) азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Оның, 25 мыңға жуығы Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында орындалды. 2024 жылдың 10 айында 30 мыңға жуық (оның ішінде тұрақты – 11 973) азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді, – деді облыс әкімі.
Президент Жолдауында айтылғандай, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл ретте аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін Мамандықтар атласы әзірленіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, ІТ саласына қажетті кадрлар даярланатын болады.
– Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Болашақ кибер қауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласына соңғы 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылса, осы жылдың 10 айында негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынған.
Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды.
Өндірісте су үнемдейтін технологияларды қолдануды дамытудамыз. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық (2023 жылы – 872 гектар).
Су шығынын азайтуда егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы зор.
Соңғы жылдары диқандарымыз 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеді. Нәтижесінде суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға арттырды.
Биыл негізгі дақыл – күріш 85 мың 600 гектарға егіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды. Жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды (496,4 мың тонна), – деп толықтырды аймақ басшысы.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде.
2022 жылдан бастап облыс аумағында жалпы құны 16 млрд 800 млн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6 пайызға жетіп отыр.
Биыл өңірде жаңа 13 жобаға 5 млрд 300 млн теңге бөлінді. 2025 жылы облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
– Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 72 пайыздан 62 пайызға төмендейді.
Президентіміздің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы салынуда. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі келер жылы ел игілігіне табысталады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазір облыста жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Биыл жылумен қамту нысандары мен желілерін (9,5 шақырым) жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 8,3 млрд теңгесі республикалық, 3 млрд теңгесі облыстық бюджет, қалған 566 млн теңге ҚЖЭО кәсіпорнының өз қаржысы есебінен. Бүгінде барлық тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасауда.
– Президентіміздің қолдауымен бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге. Келесі жылу беру маусымында қаламыз толық ыстық сумен қамтылады.
Өңір тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрайды. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 306 шақырым газ желілері салынуда. Осы жобалардың арқасында биыл өңірімізді 78 пайызға газбен қамтимыз. Келесі жылы 10-ның үстінде елді мекенді газдандыру жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Облыста жақсы жағдайдағы жолдың үлесі cоңғы 2 жылда 82 пайыздан (2022 ж.) 87,5 пайызға (2023 ж.) жетті. Биыл аймағымыздың жол құрылысын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өтуде. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.
– 2022 жылы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары (108,5 млрд теңге) басталды. Облыс аумағындағы 216 шақырым жолдың биыл 140 шақырымына реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жобаны 2025 жылы толық пайдалануға беру жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде (жобамен 1,2 трлн теңге).
– Облыс орталығының негізгі көшелері – әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, Шиелі ауданынан қалаға кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы (Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейін) төрт жолақты болып кеңейтілді.
Қызылорда қаласында 4 млрд 700 млн теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожол, Арал қаласында 3 млрд 100 млн теңгеге, Жаңақорған кентінде 1 млрд 400 млн теңгеге теміржол үстінен өтетін аспалы көпір құрылыстары жүруде, – деді аймақ басшысы.
Бұл саладағы алдағы жоспарларды, нақтырақ айтқанда, желтоқсан айында Қармақшы ауданы Жосалы кентінде құны 5 млрд 500 млн теңге болатын дәл осындай аспалы көпір құрылысы басталатынын атап өтті.
Нұрлыбек Машбекұлы көлік-логистика саласындағы жетістіктерге де кеңінен тоқталды. Өткен аптада Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалын салтанатты түрде ашқанынан оқырман хабардар.
Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Мемлекеттің теңгеріміндегі жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Қазіргі таңда қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық рейстер ашу бойынша жұмыстар жасалуда.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілді, бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгеге 100 экотакси алынды.
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты.
Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2 мың 500-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі, – деді облыс әкімі.
Өткен жылы облыста 1 мың 720 орындық 6 мектеп, 4 мектептің жанынан 1 мың 850 орындық қосымша ғимараттар салынды. Биыл жаңадан 3 мектеп, 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс салынып, пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салынады. Біздің аймағымызда алғашқылардың бірі болып «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығынан 900 оқушыға арналған мектеп ашылды. Қазіргі таңда 6 000 орындық 9 мектеп, құны 8 млрд 400 млн теңге болатын физика-математика мектеп-интернаты салынуда.
Биыл «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. «Саутс-Ойл» компаниясының демеушілігімен құрылысы жүріп жатқан музыкалық колледждің жаңа ғимараты келесі жылы пайдалануға беріледі.
Кейінгі жылдары 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
Тұрғындар сұранысына сәйкес аймақтың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 245 санитарлық автокөлік алынып, халыққа қызмет етуде. Жаңадан облыстық «Қан орталығы» салынды. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталық құрылысы басталады.
– Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Сыр елін көркейтуге, ауылдарды дамытуға белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Аймағымызда демеушілеріміздің қолдауымен соңғы екі жылда 50 млрд теңгенің жобалары жүзеге асуда, –деп атап өтті облыс әкімі.
Биыл «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Мәдениет саласында осы жылы көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің көптен күткен игілігі «Жыраулар үйі» ашылды.
Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Руханият орталықтары», облыс орталығынан тарихи-өлкетану музейі салынуда.
– Соңғы екі жылда «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзив театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Былтырдан бері мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне жыл сайын дәстүрлі түрде «Тұран» арнайы сыйлығын табыстауды бастадық. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясы» салынуда. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық «Орталық стадион», жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жақын күндері «Қызылорда-Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Одан әрі аймақтағы экологиялық ағарту шаралары туралы айтты. Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1 млн 100 мың гектар жерге сексеуіл егу тапсырмасы аясында кейінгі 4 жылда 600 мың гектардан астам жерге орман отырғызу жұмыстары жүргізілгені белгілі. Биыл 211 мың гектарға, 2025 жылы қалған 280 мың гектар аумаққа ормандандыру жұмыстары жүргізіледі.
– Айта кету қажет, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы ормандандыру жұмыстарына халықаралық ұйымдар мен ірі шетелдік компаниялар да кеңінен тартылуда. Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Еуроодаққа мүше 20 мемлекеттің елшілерін өңірге арнайы шақырып, жұмыстарға қолдау көрсету туралы келісімге қол жеткізілді, – деді Н.Нәлібаев.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған орталық алаң демеуші есебінен 1 млрд теңгеге жаңғыртудан өтті. Аудандарда, ауылдарда демеушілікпен аллеялар мен парктер салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Демеушілік және бюджет есебінен Қызылорда қаласында 49 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылды. Балалардың игілігі үшін құны 1 млрд 600 млн теңге болатын 80 ойын және спорт алаңы салынды
– Тұрғындардың жайлы ортада өмір сүріп, демалысына қолайлы жағдай жасау үшін өңірдің барлық аудан орталығы мен Қызылорда қаласында мәдени-көпшілік демалыс орындарын, парктер мен саябақтарды қайта жаңғыртудан өткізудеміз. Бұған жергілікті бюджеттен 25 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Келесі жылы табыстаймыз. Елді мекендерді қолдау, ынталандыру мақсатында өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Өткен жылы 1 млрд теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге күнделікті тұрмысқа қажетті 29 арнайы техника табысталды. Биыл осы бағытта 436 млн теңге бөлініп, 19 коммуналдық техника сатып алынды, – деді аймақ басшысы.
Атқарылған жұмыстарды, алдағы жоспарлар мен жобаларды таныстырып өткен соң кезек сұрақ-жауапқа берілді.
Райхан Тәжібаева, 24 kz:
– Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы! Республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған облыс орталықтарының бірі – Қызылорда қаласы. Өткен жылы Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келген кезде ыстық сумен қамту мәселесін шешу бойынша тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда осы жұмыстар қай деңгейде жүргізілуде?
Облыс әкімі: – 2023 жылы 10 қазанда Мемлекет басшысының Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берілді.
Бүгінгі күні Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқышы немесе газбен жылытылатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілуде.
Осы ретте, көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен қаладағы 423 үйді ыстық су жүйесіне қосу үшін жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын жобалар әзірленді.
Жалпы қала бойынша 624 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылатын болады. Оның ішінде 201 үй ыстық су беруге дайын.
Үкімет басшысының қолдауымен биылғы жылы 187 үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмыстар толығымен жыл соңына дейін аяқталатын болады.
2025 жылы қалған 236 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылады. Мамандардың есептеуі бойынша пәтерлерге тартылған ыстық судың бағасы жылытқыш қосқанда электр энергиясына кететін шығыннан әлдеқайда арзан болмақ.
Райхан Тәжібаева, 24 kz:
– Республика бойынша инвестор тарапынан алғашқы жылу-электр орталығының құрылысы Қызылорда қаласында бастау алғаны белгілі. Жоба қашан ел игілігіне табысталады?
Облыс әкімі: – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында қуаты 240 мегаватты құрайтын 215 млрд теңгеге жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде.
Бұл – Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни, шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба.
Жобаның инвесторы түрік компаниясы – «Акса Энерджи». Бүгінгі таңда инвестор тарапынан жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден аса инвестиция салынды.
Негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, газтурбиналық қондырғылар мен жылу- қазандығы орнатылуда. Жоба қазіргі жылу-электр орталығы аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде іске асырылуда.
Станцияны 2025 жылдың 4-тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Жаңа жылу- электр орталығы облыс аумағын электр энергиясының қажеттілігін толығымен қамтып, артылғанын басқа өңірлерге жіберуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа жылу орталығына дейінгі газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды.
Нұрлан Жақыпбек, «Хабар» агенттігі:
– Мемлекет басшысы Жолдауында халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай облыста қандай жұмыстар атқарылуда?
Облыс әкімі: – Халық санымен алғанда өңірдің 98,4 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалған 26 елді мекенді сапалы ауызсумен қамту бойынша арнайы жол картасы бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Арал ауданында Абай, Тоқабай және Ақбасты елді мекендерін топтық су құбырына қосу жұмыстары ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылуда. 5 елді мекенді топтық су құбырына қосу жобаларын жүзеге асыруды республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылды (Арал ауданы: Ерімбетжаға, Тастүбек; Қазалы ауданы: Шәкен, Шилі, Сарбұлақ). 4 елді мекенде (Қазалы ауданы: Жұбан, Ажар, Бірлік; Шиелі ауданы: Лесхоз) су тұшытқышын орнату арқылы тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жоспарланған.
12 елді мекен бойынша ауызсу сапасына биологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, сапасы қажетті деңгейде екендігі анықталды. Осы ретте, ауылдарды сумен қамту жағдайын қазіргі жағдайда қалдыру туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсыныс жолданды (Арал ауданы: Жіңішкеқұм, Сазды; Қазалы ауданы: Қожақазған, Мәдениет, Тапа, 101 разъезд, 102 разъезд, Шөлқұм; Қармақшы ауданы: Кекірелі, Шобанқазған, Ордазы, Сарытоғай).
2 елді мекен (Арал ауданы: Күршек; Шиелі ауданы: Ақтам) мал жайылымдық ауыл болып табылады және тұрғындар тұрақты мекен етпейді. Осыған байланысты қазірде ауылдың елді мекен мәртебесін алып тастау жұмыстары жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендер 100% сапалы ауызсумен қамтылатын болады.
Нұрлан Жақыпбек, «Хабар» агенттігі:
– Өңірде елді мекендерді газдандыру қарқыны қалай?
Облыс әкімі: – 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 4 қала және 35 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған болатын. Газдандыру деңгейі 75 пайызды құрады. Биыл облыс бойынша 24 газдандыру жобасына жалпы 30,5 млрд теңге қаржы бағытталды. Нәтижесінде биыл 11 елді мекен газға қосылады деп жоспарланды. Оның ішінде бүгінгі күні 6 елді мекенге табиғи газ берілді (Алмалы, Ақтоған, Бестам, Төретам, Абай, Төменарық). Жылдың соңына дейін тағы 5 ауылдық елді мекенге (Ортақшыл, Ақсу, Шәменов, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов) табиғи газ беріліп, газдандырылған елді мекендердің саны 46-ға, облыстың газбен қамтылу деңгейі 78 пайызға жеткізіледі.
2025 жылы 9 елді мекенді газға қосу жоспарлануда (Шижаға, Ақтан батыр, Дүр Оңғар, Шаған, Н.Ілиясов, Сексеуіл, Баймұрат, Талдыарал, Сабалақ).
Мөлдір Қожахметова, «Аstana.tv»:
– Облыс аумағындағы «Қызылорда –Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?
Облыс әкімі: – Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автожолының жалпы ұзындығы – 424 шақырым. Ал Қызылорда облысының аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 216 шақырым.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы жол құрылысы 65% аяқталып, 140 шақырым жолға үш қабатты асфальт төселді, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату, жол таңбаларын сызу және белгіленген аймақтарды жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні халыққа қолайлы болу үшін аталған учаскеде көлік қозғалысы ұйымдастырылды.
«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облысқа қарасты бөлігінің құрылысы 2026 жылы толық аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Бұл жоба – Ресей Федерациясын Орта Азия мемлекеттерімен, Қазақстан Республикасының оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарымен байланыстырады. Барлығы 424 шақырым жолды жөндеу нәтижесінде тәулігіне көлік айналымы 1500-ден 6000-ға дейін, жолаушылар саны 3000 адамнан 17000-ға дейін, жүк тасымал көлемі 700 тоннадан 3000 тоннаға дейін артады деп күтілуде.
Сондай-ақ Қызылордадан Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты 15 сағаттан 9 сағатқа дейін, яғни 6 сағатқа қысқарады.
Әсел Кенжалина, «Nur.kz»:
– Мемлекет басшысы қазіргі таңда шетелдік институт, компаниялармен бірлесіп, жасанды интеллект саласын дамытуда жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл туралы 2023 жылғы Жолдауында да айтқан еді. Қолға алынған қандай бастамалар бар?
Облыс әкімі: – Иә, өздеріңіз білесіздер қазір жасанды интеллект әлемдік деңгейде қарқынды дамуда. Осыған орай, өткен жылы мамыр айында Кореяға арнайы іссапармен барып, бірқатар келіссөздер жүргіздім, білім және ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылды.
Нәтижесінде, 2023 жылы қараша айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Қазақстандағы алғашқы болып Жасанды интеллект институты ашылды. Қазіргі таңда институтта 100 студент білім алуда.
Биыл қазан айында Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері У Вон Шик мырза Қазақстанға ресми іссапары аясында Қызылорда облысына келіп, институт студенттеріне арнайы дәріс берді.
Әлібек Байшүленов, «Казахстанская правда»:
– Қазіргі таңда республика бойынша сұйытылған мұнай-газ тапшылығы орын алуда. Осыған орай қандай жұмыстар жүргізілуде?
Облыс әкімі: – Облыста сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі – СМГ) өткізумен 22 газ желісі ұйымы айналысады. 157 автогаз құю бекеті және 6 газ толтыру станциясы жұмыс жасауда.
Облыс аумағында СМГ тапшылығын болдырмау мақсатында қала және аудан әкімдерінен, уәкілетті және құқық қорғау органдардан жасақталған шұғыл әрекет ететін комиссия құрылып, күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
ҚР Энергетика министрлігінің бөлінісіне сәйкес тоқсан сайын облысқа 21 мың тонна сұйытылған мұнай-газ бөлініп келеді. Облыста газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны 2021 жылмен салыстырғанда 7,8 есеге артқан. Осыған орай, 2025 жылдан бастап «Қазгермұнай» компаниясындағы сұйытылған мұнай -газын өңдеу қондырғысының жылдық қуаттылығын алдағы 10 жылда 120 мың тоннаға дейін арттыру бойынша Энергетика министрлігімен келісімге келдік. Қазіргі таңда газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Әділжан Үмбет, «ҚазАқпарат»:
– Аймақтың егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында қандай шаралар қабылдануда?
Облыс әкімі: – Сұрағыңыз орынды. Жыл сайынғы вегетация кезінде орын алып отырған су тапшылығын азайту мақсатында егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық берілуде. Биыл облыста егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленді.
Облыста егіс көлемін әртараптандыруда соя дақылының көлемі 111 гектарға, қант құмайы 240 гектарға, дән жүгері 1 мың гектарға, сүрлем жүгері 1,3 мың гектарға жеткізілді.
Сонымен қатар, суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, орнына су үнемдеу технологияларының және суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайтуға мән берілді.
Атап айтқанда, биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егіндік көлемі 4,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.
Сондай-ақ егісті әртараптандыру мақсатында биыл 3 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Шиелі ауданында «Таң ЛТД» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесіп 3000 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен жүгері егу жобасын іске асырып, биыл 800 гектарға жүгері егілді. Жоба құны – 3,0 млрд теңге. Қазалы ауданында «РЗА Агро» ЖШС жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға мал азықтық дақылдар өсіру жобасын енгізді. 2022-2023 жылдары 87 гектарға сүрлем жүгері егілген болса, биыл 184 гектар болды. Жоба құны – 2,6 млрд теңге. Арал ауданында «CamelPro» ШҚ 830 гектарға жоңышқаны жаңбырлатып егу жобасын іске асырды. Жоба құны – 2,6 млрд теңге.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда су үнемдеу технологияларының ықпалымен егіс көлемі 24,2 мың гектарға жеткізіледі.
Су шығынын азайту және үнемдеу мақсатында күріштікті толық лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті жоғарылату жұмыстары жүргізілуде. Әрине, біз егістікке берілетін суды барынша үнемдеп, Арал теңізіне жіберілетін су көлемін де ұлғайтуымыз қажет. Биыл Арал теңізіне түскен судың көлемі едәуір ұлғайды. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін азайған болса, биыл су көлемі 22 млрд текше метрге жетті.
Облыс әкімі сондай-ақ білім, денсаулық, артспорт және бірқатар мәселелер бойынша сауалдарға ашық әрі ұғынықты түрде жауап берді.
«СБ» тілшілер тобы