Әлемдегі өркениетті елдердің даму көшіне ілескен әрбір мемлекет азаматтарының сапалы білім алуын басты орынға қояды. Оның үстіне қазіргі ақпараттық даму қарқыны өте жоғары дәуірде өскелең ұрпақтың білім деңгейіне қойылар талап өте күшті. Дегенмен қанша жерден ғылым мен ілімді меңгерсе де, тәрбиесіз берілген білім тиімді болмайды. Бұл туралы ғұлама ғалым, әл-Фараби бабамыз да: «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек.
Сапалы білім алып, өмірдегі өз орнын табу – әр саналы адамның асыл мұраты. Сол жолда табандылық, ізгі мінез-құлық сияқты адам баласына тән қасиеттерге негізделген тәрбиенің маңызы ұшан теңіз. Тәрбиені адам баласы алдымен өскен отбасынан алса, екіншіден білім алатын оқу орындары, араласатын ортасынан алады. Соның ішінде өмірінің маңызды бөлігі саналатын оқу ордаларындағы кезеңінде алған тәрбиенің орны бөлек.
Саналы ұрпақ – ол жастайынан ұлтының бар болмысын бойына жинаған, елдің өсіп, өркендеуіне деген қадамдарын нық әрі, күмәнсіз баса алатын, мемлекеттің дамуына тамшыдай болсын үлес қосатын «тамшыда тама-тама көл болады» дейтін бір тамшысынан үлкен теңіз жасай алатын, өзінің өзгеруімен қатар әлемді өзгертуге тырысатын, өзінің басты өмірлік ұстанымына айналдырған білімді, жан-жақты жалындап жанып тұрған, ерік -жігері мықты жастар деп білемін. Еліміздің болашағын дәл осындай ұрпаққа қорықпастан аманаттай аламыз. Бүгінгі жас ертеңгі аға буын өкілі дәл қазіргі мезетте оларға қандай бағыт-бағдар берсек, сол бағдармен өз жолын таппақ.
Қазіргі таңда дәл осындай өскелең ұрпақ көшімізге ілесіп – еріп келеді. Осындай атадан балаға мирас болып сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатырған ұлттық болмыс-бітімді құндылықтардың қалыбын бұзбай жеткізу біздің басты – мұратымыз. Осы қазынамызды дұрыс жеткізе білсек, ұлтымыз жойылмайды, өшпейді, тек жасампазданып, жаңғырып тарихта мәңгі өмір сүрмек! Саналы ұрпақты тәрбиелеудегі ең басты түпқазық ата-баба жолыннан таймау!
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда.
Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті.
Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеу – бүгінгі педагогтар мен ата-аналардың алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.
Қазіргі кезде «Жастар-еліміздің жарқын болашағы» деген қанатты сөздерді жиі айтамыз, ал сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры болса, соған дәнекер өзіміздің бүгінгі қызметіміздің қалай атқарылып жатқаны, қоғамға қандай үлес қосып жүргенімізге тікелей байланысты. Жас күш, жас толқын болып толқып, ана тілінде сайрап, өзге тілді меңгеру арқылы болашақ елдің кемел келешегін биіктерден көруге үлес қосайық.
Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз.
Аружан ҚАСЫМБЕКОВА,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің
бас маманы.