Қазақстанда жыл сайын ажырасатын ерлі-зайыптылардың саны артып келеді. Әдетте, ажырасу кезінде ортақ мүлік бөліске салынады. Ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлу мәселесі Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен реттеледі.
Отбасын құрған кезде көптеген азаматтар неке шартын жасау немесе мүлікті бөлу туралы ойланбайды. Көбісі ажырасу кезінде бұл мәселеге тап болып, өкінішке қалады. Әсіресе, азаматтық некеде тұратындар мен бірлесе алған жылжымалы және жылжымайтын мүлікті туыстарының атына рәсімдегендер қиындықтарға тап болады, себебі өзге адамның атына жазылған мүлікке өз қатысыңды, оған жұмсалған қаржыны дәлелдеу оңай емес.
Ортақ мүлікті бөлуге байланысты даулар сот тәртібімен қаралып, өтініш жауапкердің тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі. Мүлікті бөлуге қатысты талап арызды ажырасқаннан кейін немесе некені бұзу рәсімін тіркеуден соң кез келген уақытта беруге болады. Дегенмен, егер мүлікке қатысты талап болса, уақыт оздырмай сотқа жүгінген жөн, себебі ортақ мүлікті бөлу талабы үшін мерзім шектеулі – ерлі-зайыптылар некенің бұзылуынан кейін 3 жыл ішінде талап қоюы қажет. Үш жыл өткен соң мүлікті бөлу туралы талап қаралмайды.
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, неке шарты бар отбасылар ортақ мүлікті тең бөледі. Заң бойынша некенің бұзылу себебіне қарамастан, әйел адамның мүліктің тең жартысын алуға құқығы бар.
Азаматтық процестік кодекс азаматтық дауларды шешудің іс жүргізу тәртібін айқындайды. Сондықтан, егер ерлі-зайыптылар (немесе бұрынғы ерлі-зайыптылар) ортақ мүлікті бөлуге қатысты келісімге келе алмаса, даулар медиация арқылы немесе сот тәртібімен шешіледі.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 37-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кез келгенінің талап етуі бойынша некеде тұрған кезде де, некеден шыққаннан кейін де, сондай-ақ егер кредитор ерлі-зайыптылардың бірінің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алуды талап еткен жағдайда да жүзеге асырылады.
Бұл норма мүлікті бөлудің әртүрлі нұсқаларын қарастырады, соның ішінде ерлі-зайыптылар арасындағы келісім арқылы бөлуді де қамтиды. Ортақ мүлікті бөлу туралы осындай келісім жай жазбаша нысанда жасалып, міндетті түрде нотариуспен куәландырылуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, мүлікті бөлудің үш нұсқасы бар:
- Тараптардың келісімі бойынша;
- Медиация тәртібінде;
- Сот арқылы.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде сот кәмелетке толмаған баланың мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша әрқайсысына қандай мүлік берілетінін анықтайды. Егер бір ерлі-зайыптыларға оның үлесінен құны жоғары мүлік берілсе, екінші жұбайға тиісті ақшалай немесе басқа өтемақы төленеді.
Тек қана кәмелетке толмаған балалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқкиiм, мектеп және спорт керек-жарағы, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлуге жатпайды және балалары өзімен бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi.
Ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.
Істі қарау кезінде ерлі-зайыптылардың иелігіндегі немесе үшінші тұлғада болған ортақ мүліктер бөлінуге жататын мүліктердің құрамына кіреді. Егер сот ерлі-зайыптылардың бірінің ортақ мүлікті заңсыз иеліктен шығарғанын немесе өз қалауы бойынша, жұбайының қарсылығына және отбасының мүддесіне қарамастан сатып жібергенін немесе мүлікті жасырып қойғанын анықтаса, онда бұл мүлік немесе оның құны бөлінген мүлікке қосылады. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың ортақ қарызы (Кодекстің 38-бабының 3-тармағы) және отбасы мүддесінен туындайтын міндеттемелер бойынша талаптар да ескеріледі.
Сонымен қатар, некеге (ерлі-зайыптылыққа) отыру кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне, бiрақ некеге (ерлі-зайыптылыққа) отырғанға дейiн тиесiлi болған, жеке қаражатына сатып алынған, сыйға тартылған, мұраға немесе өзге ақысыз мәмілелер бойынша алынған мүлiк, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен бiрiнiң жеке басына пайдалануға сатып алынған заттар, қымбат бағалы және басқа асыл заттардан басқалары Кодекстің 35-бабына сәйкес ортақ меншiк болып саналмайды және бөлуге жатпайды.
Егер отбасылық қарым-қатынас және ортақ шаруашылықты жүргiзу нақты тоқтатылғаннан кейiн жұбайлар бiрлесiп мүлiк сатып алмаған болса, сот Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес олардың ортақ шаруашылықты жүргiзу уақытына дейiнгi ортақ меншiгi болып келген мүлiктердi ғана бөле алады.
Бөлінуге жататын мүліктің құны тараптардың келісімі бойынша анықталады, ал мұндай келісім болмаған жағдайда оны сот сарапшысының қорытындысы негізінде сот белгілейді.
Мысалы, некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылар екі жеңіл автокөлік сатып алған, яғни олар ортақ меншікте болып табылады. Дауды қарау кезінде жұбайында бір ғана көлік тіркелген, ал екінші көлікті әйелінің рұқсатынсыз өз қажетіне жұмсаған. Осы жағдайда мүлікті бөлу кезінде сатылған автокөліктің құны ескерілуі тиіс. Талап қоюшының пайдасына автокөліктің ½ үлесі үшін оның нарықтық құнына сәйкес ақшалай өтемақы төленуі қажет.
Егер заңмен белгіленген ортақ меншіктің тәртібі неке (ерлі-зайыптылық) шартымен өзгертілсе, сот ерлі-зайыптылардың мүлкін бөлу туралы дауларды шешкен кезде осы шарттың талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар арасындағы неке шарты, егер ол бір жұбайды өте қолайсыз жағдайда қалдыратын немесе некеде туылған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзатын болса, Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес толық немесе ішінара заңсыз болып танылуы мүмкін.
Бөлінетін мүліктің құрамын, оның құнын және беру шарттарын (заттай немесе ақшалай түрде) өзара келісіммен белгілеген кезде тараптар үшін ең тиімдісі мүлікті өзара келісім бойынша бөлу болып табылады.
Майя ШЕРТАЕВА,
Шымкент қаласының
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
Мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.