Енді мопед жүргізушілері де жүргізуші куәлігін алуы қажет. Тек мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар, ең жоғары жылдамдығы сағатына 50 км-ден аспайтын барлық көлік құралдары тіркелуге жатады. Бұл көліктерге мемлекеттік нөмір де беріледі. Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. «А» немесе «В» санаттары бар болса да, мопедті басқару құқығын растау міндетті.
Заң жарияланғаннан кейін мопед иелеріне жүргізуші куәлігін алу үшін 6 ай уақыт беріледі. Президент бұл заңға 3 қазанда қол қойды, демек, 2025 жылдың 4 сәуірінен бастап барлық мопедте мемлекеттік нөмір, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Алты ай өткеннен кейін, заң күшіне енген соң, мопед жүргізушілерінің жауапкершілігі қаралады. Яғни, тіркелмеген мопедті жүргізуге тыйым салынатынын еске саламыз.
Бұрын мопед иелері тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611 және 615-баптары бойынша ғана жауапқа тартылса, енді олар механикалық көлік құралдарының жүргізушілерімен бірдей жауапкершілікке ие болады. Мопедтер техникалық байқаудан өтіп, олардың жүргізушілері сақтандыру полисін алуға міндетті. Мопед иелері 0,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлейді, ал көлікті тіркеу үшін өтініш толтырып, жеке куәлігін ұсынуы қажет.
Заң бойынша мопед және электрсамокат жүргізушілеріне велосипедшілермен бірдей шектеулер қойылған. Жол жүру ережелеріне сәйкес, олар бірнеше талапты қатаң сақтауы тиіс, ал бұзған жағдайда айыппұл салынады.
Негізгі шектеулерге мыналар жатады: рульді екі қолмен ұстамай жүруге; жолаушы тасымалдауға (егер арнайы орын болмаса); ұзындығы немесе ені 0,5 метрден асып тұратын немесе басқаруға кедергі келтіретін жүктерді тасымалдауға; велосипед жолағы бар кезде жолда жүруге; трамвай жолдарында және бірнеше жолағы бар жолдарда солға немесе кері бұрылуға; велосипедке немесе мопедке арналған тіркемеден басқа кез келген көлік құралын сүйретуге.
Бұл заңның қабылдануының себебі – мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналып, жол апаттарына себепші бола бастауы. Осыған байланысты Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы мен жол полициясы қызметкерлері бірлесе отырып, заңды түсіндіруге бағытталған арнайы жарнамалық іс-шара өткізді. Оның мақсаты – мопед жүргізушілеріне жаңа заң талаптарын түсіндіріп, оларға алдын ала дайындалуға мүмкіндік беру. Іс-шара жалғасуда.
Жаңа заңның күшіне енуі – Қазақстандағы мопед жүргізушілері үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға арналған маңызды қадам.
Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы.