1996 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Судьяларының Одағы» құрылып, республика судьяларының алғашқы съезі өткен болатын.
Судьялар съезі еліміздің сот жүйесіндегі негізгі мәселелерді талқылап, стратегиялық міндеттерді айқындайтын алаң болып табылады.
Төрт жылда бір рет өткізілетін республикалық судьялардың кезекті ІХ съезі ағымдағы жылдың 4 қазанында Астана қаласында өтті.
Әділетті қоғам құру еліміздің басты мақсаты, ал судьялар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің біліктілігі бұл бағыттағы маңызды фактор болып табылады.
Судьялардың заңды дұрыс қолдануы, біліктілік пен адалдықты басты ұстаным ретінде қабылдауы – құқық пен заңның үстемдік құруының негізі. Құқық пен заң үстемдік ететін қоғам – әділетті қоғам болары анық.
Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған съезге еліміздің барлық өңірлерінен судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты. Әр төрт жыл сайын өткізілетін съездердің мақсаты мен міндеті зор. Съездерді төрт жыл аралығында ұйымдастырудың да өз мәні мен маңызы бар. Бұл уақыт сот жұмысының өткен жағдайын бүгінгі ахуалымен салыстырып, бірегей шешімдер қабылдауға, жоспарлар әзірлеуге және жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды тиімді орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан, съездердің өтетін уақытын судьялар ғана емес, сот жұмысына қызығушылық танытқан азаматтар да асыға күтеді. Ақиқатын айтқанда, республика судьяларының съезі қазіргі таңда кең ауқымды мәселелер мен міндеттерді қамтып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қатысуы және халықаралық сот қауымдастығының өкілдерінің пікір білдіруі судьялар съезінің мәртебесін арттыра түседі. Биылғы съезге ел Президенті де келіп, қазақстандық сот жүйесінің дамуы, судьялардың қызметі туралы өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, сот саласын кешенді реформалаудағы негізгі жетістіктерге тоқталды.
Мемлекет басшысы елімізде Конституциялық соттың құрылуы мен сот жүйесінің институционалдық дербестігінің нығайғанын атап, әкімшілік әділет институты мен соттағы сандық технологиялардың халықтың сенімін ақтағанына ризашылығын білдірді. Өзіміз жұмыс істеп жүрген саланың жетістіктері мен кемшіліктері таразыға салынып, ізденістер мен іркілістер талданатын бұл жиынға делегат ретінде қатысу әрбір судья үшін үлкен мәртебе болып табылады. Съезді ұйымдастыру, делегаттарды іріктеу және талқыланатын тақырыптарды таңдау барысында терең мән берілетіні, оның қаншалықты жауапты әрі маңызды шара екенін көрсетеді.
Съездің судьялар қауымдастығына берері көп. Біріншіден, еліміздің әр аймағынан жиналған судьялар арасында әріптестік байланыс орнатуға және сырттай таныс судьялармен жақыннан танысуға мүмкіндік туады.
Екіншіден, съезд – судьялар үшін тәжірибе алмасу алаңы. Жиынға қатысушылар мінберде және мінберден тыс уақытта өз білімдерімен бөлісіп, әріптестерінің шеберлігін арттыруға көмектеседі.
Үшіншіден, съезд сот жұмысындағы мәселелерді бірлесіп шешуге және түйткілдерді жан-жақты талқылап, реттеуге ықпал етеді.
Сот жүйесінің тарихында өз орны бар тоғыз съездің сот жүйесінің жұмысына серпін беріп, түрлі реформалардың жүзеге асуына және көптеген маңызды заңдардың қабылдануына алғышарт жасағаны белгілі. Мұнда талқыланған өзекті мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, олардың міндетті түрде орындалатынына сот қауымдастығы куә.
Биылғы ІХ съезд судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауымен ерекше есте қалды.
Алғашқы Әдеп кодексі судьялардың бірінші съезінде бекітіліп, кейіннен заман талабына сәйкес бірнеше рет жаңартылған болатын.
Жаңа кодексте қазіргі уақыттың талаптарын ескере отырып, көптеген маңызды аспектілер қарастырылған. Әсіресе, ақпараттық заманда судьялар қандай әдептілік қағидаларын ұстануы керек және сыртқы ықпалдан қалай қорғануға болатындығына қатысты сұрақтарға жаңа Әдеп кодексі толық жауап береді. Этика негіздерін қамтитын бұл кодекстің сапалы дайындалуына судьялар қауымдастығының барлық мүшелері белсенді қатысып, өз үлестерін қосты.
Осы қол жеткен жетістіктерді әрі қарай сапалы жалғау біздің міндетіміз.
Турсынкул УМБЕТОВА,
Шымкент қаласы мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.