Кез келген мемлекет үшін сот жүйесіне халықтың сенімін сақтау – басты міндет. Сондықтан осы салада кезең-кезеңімен оң өзгерістер енгізу және жүйелі реформаларды жүзеге асыру маңызды. Қазақстан бұл бағытта қалыс қалған жоқ, Тәуелсіздік алғалы бері соттарды жаңаша бағытта дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғыда елімізде халықаралық-экономикалық соттар, әкімшілік соттар және аса ауыр қылмыстық істерге арналған халықаралық мамандандырылған соттар сынды түрлі сот инстанциялары құрылды. Сот жүйесінде көптеген заң актілері, соның ішінде Қылмыстық, Азаматтық, Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық-процессуалдық кодекстер мен Еңбек кодексі қабылданды. Жақында ғана жұмысын бастаған Конституциялық сот та назардан тыс қалмауы тиіс. Мұндай тиімді процестер әлі де жалғасуда.
Сот жүйесі демократиялық қоғамның негізі болып табылады. Еліміздегі түрлі саладағы реформалар да бұл күрделі жүйені айналып өткен жоқ. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында Әділетті Қазақстан құру және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде сот реформасының маңыздылығын атап көрсетеді. Президент мықты елдің берік іргетасын қалауда сот саласындағы кемшіліктерді тек сөзбен емес, сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және сот жүйесін реформалауға ықпал етіп, нақты іс-шаралар қабылдаған. Бұл өзгерістер сот жүйесіне көптеген жаңалықтар енгізді.
Сот реформасы аясында еліміздің сот жүйесін жаңғырту бағытында елеулі жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте жаңа заңдар қабылданып, қолданыстағы заңнамаларға отыздан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сот жүйесін цифрландыру жұмыстары да назарға алынып, заманауи ақпараттық технологиялар сот жүйесінің екі негізгі мәселесін – сыбайлас жемқорлықты жоюды және соттардың жоғары жүктемесін азайтуды шешуге көмектесті. Цифрлық жүйелердің арқасында істер автоматты түрде Қазақстанның соттары арасында бөлініп, бұл процесс ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.
Сот кабинеті жаңа даму кезеңіне өтті, оның аясында соттардың электрондық форматы енгізілді. Қазіргі уақытта сот ісін онлайн форматта бастау және қарау мүмкіндігі пайда болды, сондай-ақ құжаттарды платформаға жүктеп, процестің барлық қатысушыларына кез келген уақытта қолжетімділік қамтамасыз етілген. Жоғарғы соттың мәліметтеріне сүйенсек, істердің 90 пайыздан астамы онлайн режимінде қаралуда. Бұл механизм соттарға түсетін жүктемені азайтып, процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
Отандық сот жүйесінің халықаралық деңгейде беделі артып, жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдіктердің қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде мамандандырылған соттар құрылды, олар экономикалық, әкімшілік, әскери, ювеналды және қылмыстық істер бойынша қызмет атқарады. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес ұйымдастырылды. Жаңа технологиялар арқылы сот қызметі ашық, жылдам әрі қолжетімді бола түсті. Республика соттарының мәжіліс залдары аудио және бейнежазба құрылғыларымен толықтай жабдықталып, сот отырыстары толығымен дыбыс-бейне жазу құралдарын пайдалану арқылы жүргізілуде. Жаңа технологиялар азаматтарға сотқа келмей-ақ, арыз-шағымдарын «Сот кабинеті» арқылы үйінен немесе кеңсесінен шықпай-ақ жолдауға мүмкіндік берді.
2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасы судьяларының IX Съезі өтті, оған ғылыми және кәсіби заң қоғамдастығының өкілдері, парламент депутаттары, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Съездің барысында мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаев бизнес пен халықтың сотқа деген сенімін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және қабылданған шешімдерге жауапкершілікті күшейту бағытындағы басты міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттарды құру жоспарланып отыр.
2024 жылғы 5 шілдеде мемлекет басшысы үкімдер мен сот шешімдеріне шағым жасау үшін кассациялық соттарды құру мәселелерін реттейтін «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Жаңа соттардың құрылуы сот төрелігі мен заңның үстемдік қағидаттарын толық іске асыруға ықпал ететін болады. Сонымен қатар, 2021 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен «экстраумақтық соттылық» енгізілді.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы республика бойынша экстраумақтық соттылыққа қатысты 1600 іс қаралса, 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында 1500 іс жолданған. Осыған орай, әкімшілік соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет басшысы әкімшілік сот төрелігін одан әрі жетілдіруді және талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істерге экстраумақтық соттылықты енгізуді тапсырды.
Кәсіби сот корпусын қалыптастыру үшін кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, ал сотты әкімшілендіру жаңа технологиялар арқылы келушілерге қызмет көрсетуге көшті. 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қажетті қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша жылдам алатын болды.
Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, дамыған елдермен салыстырғанда еліміздің соттары неғұрлым қолжетімді. Неге? Баж салығының көлемі аз, істер тез қаралады. Бұрын істің түпкілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кетсе, қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды.
Конституциялық соттың құрылуы еліміздегі ең маңызды жаңалықтардың бірі болды. Бұл орган мемлекет пен халықтың талап-арыздарына жауап беріп, әділдікті қамтамасыз етуге үлкен ықпал етеді. Осы арқылы Қазақстанның сот жүйесі жетілдіріліп, азаматтардың сотқа деген сенімі арта түскені сөзсіз. Бұл жаңалық әділдік үшін халықты біріктіруге шақырған жаңа кезеңнің символы болып табылады.
Съездің барысында судьялардың кәсібилігі мен тәжірибесін объективті бағалауға мүмкіндік беретін біліктілік сыныптарын енгізу мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ, сот тәжірибесінің бірлігін қамтамасыз ету және соттардың ашықтығын арттыру үшін цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізуді одан әрі жалғастыру тапсырылды.
Гульжан ЕРНАЗАРОВА,
Шымкент қаласы
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.