Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында заң мен тәртіпті сақтаудың негізі ретінде заң үстемдігін және сапалы сот төрелігін атап өткен. Салада қолға алынған жаңа бастамалардың басты мақсаты – халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Халық жаңашылдықтардың сапасын көрген кезде ғана соттың болашағына сеніп, әділдіктің бар екеніне және төреліктің дұрыс екеніне күмәнданбайды.
«Сот реформасы – құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіші, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқықтарын қорғаудың кепілі. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуға, сондай-ақ сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруге бағытталуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол өз реформаларында сот жүйесін жетілдірудің маңыздылығын үздіксіз атап өтуде.
Ел Президентінің тапсырмасы аясында осы салада енгізілген өзгерістер көп. Шынымен де, Конституциялық сот еліміз үшін маңызды институт болып табылады. Енді азаматтарымыз Конституцияға сәйкес келмейтін нормаларды заңсыз деп тану үшін тікелей Конституциялық сотқа шағымдана алады. Сонымен қатар, Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Жалпы, прокуратура, сот және құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейеді. Конституциялық сот депутаттар мен Үкіметтің заң шығару жұмысын оңтайландыруға көмектеседі. Қысқаша айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналмақ.
Қазақстанның сот жүйесі елдің қажеттіліктеріне сәйкес өзгеріп жатыр. Тәуелсіздік алғаннан бері сот саласында көптеген реформалар қабылданды. Бұл өзгерістердің ішінде жаңа институттардың құрылуын атап өтуге болады. Мысалы, медиациялық тәртіп, парасипативті тәртіп, және сот бұйрығы арқылы қарау жүйелері енгізілді. Сотта негізінен даулы істер қаралады, ал даусыз мәселелер болса, сот бұйрығы арқылы қарауға мүмкіндік бар.
Бұл шаралардың барлығы биліктің сот жүйесін жаңартуға бағытталған әрекеттері. Негізгі мақсат – соттың тиімділігін, ашықтығын және тәуелсіздігін арттыру, сондай-ақ судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін нығайту.
Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты да өзгерістер орын алды. Бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылатын жағдайлар қазір қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер мен дау-дамайлар бұрын әкімшілік құқық бұзушылыққа жатса, қазіргі уақытта олар қылмыстық іс ретінде қаралады. Бұл өзгеріс тек ерлі-зайыптыларға емес, жалпы тұлғаларға қатысты.
Сонымен қатар, бұрын қылмыстық істер жеңіл және орташа ауырлықтағы жағдайларға қатысты болса, енді жеңіл жарақаттар да қылмыстық іс ретінде қабылданады. Мемлекеттің дамуымен бірге сот жүйесіне қойылатын жаңа талаптар да арта түседі, бұл сот жүйесіне деген сенімді және, нәтижесінде, мемлекетке деген сенімді арттырады.
Сот жұмыстарын ұйымдастырудағы IT жетістіктері – бұл маңызды жетістік, себебі олар тиімділікті көрсетіп келеді. Электрондық сот істеріне көшу, «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «SMS хабарлама» сервистері, «Талдау» форумы, CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне құрылғылары, бейнеконференция және «True Conf» мобильдік қосымшасы арқылы сот төрелігін жүзеге асыру сияқты цифрлық технологиялар сот жүйесін айтарлықтай оңтайландырды.
Бұл технологиялар тек уақытты үнемдеумен шектелмейді, сонымен қатар ашықтық, қолжетімділік және нақтылықты да қамтамасыз етеді. Процесстің тағы бір тиімділігі – сотты жүргізетін судья іс бойынша істі өзі таңдамауы немесе сот төрағасы тарапынан бөліп берілмеуі, заманауи технологиялардың көмегімен іс кездейсоқтық әдісімен бөлінеді. Бұл адам факторынан туындайтын әділетсіздік пен күмәнділікті жояды. Мұндай жетістіктердің барлығы да төрт жыл сайын өткізілетін судьялар съезінің нәтижесі болып табылады.
Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған съезге еліміздің барлық аймақтарынан келген судьялар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты. Әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын съездердің мақсаты жоғары, міндеттері ауқымды. Мұндай шараны төрт жыл аралығында өткізу ерекше мәнге ие, себебі бұл уақыт сот жұмысының өткен жағдайын бүгінгі ахуалмен салыстырып, бірегей шешімдер қабылдауға, жоспарлар белгілеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін жеткілікті уақыт болады. Тоғыз өткен съездің әрқайсысы сот жұмысына серпін беріп, көптеген реформалардың қолға алынуына және маңызды заңдардың қабылдануына негіз жасағаны белгілі. Съезде талқыланған өзекті мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, олардың міндетті түрде орындалатынына сот қауымдастығы сенімді.
Мысалы, биылғы IX съезд судьялардың жаңа Әдеп кодексінің қабылдануымен тарихта қалады. Алғашқы Әдеп кодексі судьялардың бірінші съезінде бекітіліп, кейіннен заман талабына сәйкес бірнеше рет жаңартылған болатын. Жаңа кодексте қазіргі заманның талаптарына сай көптеген маңызды аспектілер толық қамтылған. Әсіресе, ақпараттық қоғамда судьялар қандай этикалық қағидаларды ұстануы керек және сыртқы әсерлерден қалай қорғану керектігі жөніндегі сұрақтарға кодексте жан-жақты жауап берілген.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиынның ерекшелігі — географиялық ауқым мен биліктің үш тармағының тең қатысуы. Яғни, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі бірлесіп қатысқан бұл жиында Президент сот жүйесіндегі реформаларға оң бағасын берді. Ол биылғы жылы сот отырыстарының тиімді ұйымдастырылғанын және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосқанын атап өтті. Жаңа кассациялық соттардың сот төрелігін жүргізудегі тиімділігі мен сот практикасының бірыңғайлығын қамтамасыз ететіндігіне назар аударды. Бүгінде сот жүйесіндегі ілкімді қадамдар ел тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімділігін арттыруда, сонымен қатар сотқа жүгінушілердің уақытын және қаржысын үнемдеуге, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік беріп отыр. Съезде Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауға қолдау көрсетті, бұл құжатта судьяның кәсіби және моральдық деңгейіне қойылатын барлық талаптар ескерілген.
Гульжазира КАЛДЫБЕКОВА,
Шымкент қаласы
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.