Елімізде сот жүйесінде бірқатар реформа жасалды. «Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс»,-деп атап өткен еді Президент.
Республика судьяларының съезін елордада төрт жылда бір рет өткізу тамаша дәстүрге айналды. Бұл мәртебелі жиын судьялар қауымы тарапынан үлкен қызығушылықпен және зор ынтамен күтіледі. Себебі съезд сот саласындағы жаңа реформалардың жаршысы әрі өзекті мәселелерді шешудің алаңы болып табылады. 1996 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан съездер тоғыз рет Ақордада сот майталмандарының басын қосқан.
Бүгінгі күнге дейін өткен 8 съездің сот саласы үшін ерекше маңызы бар. Бұл жиындарда көтерілген мәселелер тек талқыланып қана қоймай, сонымен бірге жүзеге асып, сала жұмысына серпін бергені қуантады. Мәселен, 1996 жылы өткен алғашқы съезде судьялыққа үміткерлерді іріктеудің тәртібін әзірлеу, судья әдебіне қатысты талаптарды күшейту, сот құрылысын және сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдануда бірыңғай тәжірибеге жету мәселелері талқыланды. Нәтижесінде Судья әдебі кодексі қабылданып, судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптар артты. Сот практикасындағы кемшіліктерді жою үшін көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Екінші съездің көтерген мәселелері мен қамтыған ауқымы алғашқы създен де кең болды. Астанаға жиналған судьялар соттарды мамандандыру, судьялардың жүктемесін азайту, процестердің жарыспалылығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салып, маңызды мәселелерді шешуге көмектесетін тетіктермен бөлісті. Бұл жиынның да нәтижелі болғаны, қоғам үшін маңызды ұсыныстар көтергені уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Съезд барысында енгізілген мамандандырылған соттардың тиімділігін жұртшылық та байқап отыр. Жүктемені азайтуға бағытталған жаңашылдықтар сот жұмысын жандандыруға елеулі әсер етуде. Сонымен қатар, бұл създе соттардың материалдық-техникалық мәселелері толық шешімін тауып, бұған дейін Әділет министрлігінің құзырында болған бұл жауапкершілік Жоғарғы Соттың жанындағы Соттың әкімшілендіру комитетіне берілді. Осылайша, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, материалдық және техникалық қажеттіліктерін өз ішінде реттеуге алғашқы қадам жасалды. Бұл съез сонымен қатар «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына алғышарт жасаумен де құнды.
Судьялардың ІІІ съезінде алқабилер институты мен қылмыстық жазаны ізгілендіру мәселелері көтерілсе, IV съезде сот өндірісін оңтайландыру, судьяларды іріктеу талаптарын күшейту және соттың санкция беру механизмдерін енгізу бастамалары қоғам тарапынан қолдау тапты. V създің сот жұмысын жандандырудағы маңызы ерекше. Бұл құрылтайда судьялар тергеу әрекеттеріне сот тарапынан бақылауды кеңейту, медиация институтын дамыту және электронды технологияларды сот жұмысына барынша енгізу қажеттігін талқылады. Нәтижелері де көңіл қуантарлық. Қазіргі уақытта сот ғимараттары бейнебақылаумен, ал сот отырыс залдары дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен толық қамтылған. Соттардың құжат айналымы толықтай электронды форматқа көшірілді. Дәл осы кезеңде сот процесіне бейнебақылау жүйесі арқылы қатысу мүмкіндігі карантин кезінде сот жұмыстарын кедергісіз жүргізуге, процестерге қашықтан, онлайн қатысуға мүмкіндік берді.
Судьялардың алтыншы съезінде тергеу соттары, соттар беретін санкция түрлері кеңейсе, VII съезде қазақстандық қазылардың жаңа әдеп кодексін қабылдаудың алғышарты жасалды. Маңызды ұсыныстар 2020 жылдың қазан айында өткен судьялардың VIIІ съезінде де талқы тақырыбына айналған болатын. Сот жүйесінің жеті бағдары бойынша қолға алынған жобалардың тиімділігін сөз еткен судьялар осы басқосуда жеткен жетістіктерді әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
ІХ съезде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бизнес пен халықтың сотқа деген сенімін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті күшейту бағытында бірінші кезектегі міндеттерді атап өтті.
Басты бағыттардың бірі ретінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттың құрылуын жариялады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Кассациялық соттардың тәуелсіздігі азаматтар үшін сот төрелігінің қолжетімділігін едәуір арттырып, инвестиция тарту мен бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамын ең тәжірибелі судьялардан құру керек».
Барлық съездерде ашықтық, теңқұқылық, жеделдік және сапа мәселелері басты назарда болды. Жарқын реформалар әзірленіп, тәжірибеге енгізілді. Осы бастамалардың барлығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді әрі жедел қорғауды, сот пен халық арасындағы сенімді нығайтуды, сондай-ақ сот пен БАҚ арасында ашық диалог орнатуды мақсат етеді.
Сол себепті, Қазақстанның сот жүйесі тәуелсіздіктің отыз жылында үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Бұрынғы сот пен бүгінгі соттың тәуелсіздігі мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі арасында елеулі айырмашылық бар. Судьяларға ықпал ету және құзырлы органдар тарапынан пәрмен беру дәуірі артта қалды. Судьялар одағының бастамасымен жүргізілген ауқымды шаралардың нәтижесінде сот саласы дамып, көтерілген мәселелер оң шешімін тауып жатыр.
Айгүл ДЕРБИСОВА,
Шымкент қаласы
амандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.