2024 жылғы 4 қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан судьяларының IX съезіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Елдің ширек ғасырлық жолының бастауында 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң тұрғаны белгілі. Бұл маңызды құжат демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекеттің негізін қалады. Алайда, сол кезде көптеген мәселелер әлі шешілмеген болатын. Қазақстанда демократия, нарықтық экономика, гуманизм және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негізделген жаңа құқықтық жүйе қалыптастыру үшін терең, кешенді және жүйелі реформаларды жүзеге асыру қажеттілігі туындады.
1994 жылдың ақпан айында қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулысы сот жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындаған тарихи маңызды құжат болды. Осыдан бастап сот құрылымын және сот ісін жүргізуді қайта құру, сондай-ақ материалдық және процестік заңнамаларды түбегейлі өзгерту бойынша күрделі жұмыстар басталды. Қазақстанда сот төрелігінің тәуелсіздігі 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңда (Конституцияда) бекітілді.
1995 жылдың 20 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң соттардың қызметінің негізгі бағыттарын анықтап, алғаш рет «сот билігі» терминін енгізді. Сот жүйесін реформалаудың осы кезеңінде аталған бастамалар мемлекет пен қоғам өміріндегі соттың рөлін арттырып, оның беделін көтеруге мүмкіндік берді, судьялардың құқықтық қорғауы да айтарлықтай нығайды. Ел тұрғындары өз мүдделерін қорғап, көптеген дауларын сот алдында шешу мүмкіндігіне ие болды.
Мемлекет басшысы сот жүйесін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша 2011 жылы дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде жаңа медиация институты енгізілді, бұл сот істерін уақытында қарау және олардың санын азайтуға бағытталған. Заманауи ақпараттық технологиялар сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан Жоғарғы Соттың IX съезінде енгізілген жаңа авторлық жоба – бірегей автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы еліміздің барлық соттарында сот істерінің бірыңғай есебі мен мониторингі жүргізіледі.
Судьялардың IX съезінде судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтіліп, олардың жас шегі ұзартылды. Сонымен қатар, бесжылдық еңбек өтілі міндетті түрде болуы тиіс, ал жаңа сайланған судьяларға біржылдық сынақ мерзімі енгізілді. Осылайша, үміткер заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріндегі өзінің маңызды рөлін сот төрелігін жүзеге асыруға кіріспес бұрын толық түсінуі қажет. Қазақстан Республикасы судьяларының кезектен тыс IX съезі сот жүйесін одан әрі дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз, ал Мемлекет басшысының қатысуы съездің маңыздылығын арттырады.
Президенттің әр съезде сөйлеген сөздері сот жүйесінің тиімділігін, сот шешімдерінің әділеттілігін және судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Соңғы алты съезде қоғамның соттарға деген сенімін күшейту, сондай-ақ олардың кәсібилігін, тәуелсіздігін және әділдігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сот жүйесіндегі реформалардың жетістіктері, ауқымы мен қарқыны бойынша посткеңестік кеңістікте Қазақстанға тең келер ел жоқ. Уақытылы жүргізіліп жатқан маңызды реформалардың нәтижесінде құқық тәртібі жүйесі жақсарып, сот төрелігі бұрынғыдан да ашық, әділ, жылдам және қолжетімді болатыны сөзсіз. Бұл мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының IX съезінде нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.
Сіздерге белгілі, Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының кезекті съездері әр төрт жыл сайын өткізіледі. Бұл съездерде сот құрылымын, сот ісін жүргізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, еліміздің барлық соттарында сот істерінің бірыңғай есебі мен мониторингін жүргізу, сондай-ақ сот билігінің бәсекеге қабілеттілігін, беделін және білімділігін арттыру сияқты маңызды мәселелер талқыланады.
Осылайша, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында сот жүйесіне нақты тапсырмалар берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және олардың құзыретін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуы тиіс.
«Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл», – деді Президент.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды орнатып, сот жүйесіне қоғамның сенімін арттыруға ықпал етеді.
Е.ОТАРБАЕВ,
Шымкент қаласы бойынша
азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.