Тоғызқұмалақ көшпенділердің ежелден келе жатқан ойындарының бірі. Осыдан бес мың жылдай бұрын тоғызқұмалақ ойынының ойналғандығы туралы тасқа ойып салынған тоғызқұмалақ тақтасының ізі табылып, айғақ ретінде тіркелді. Біздің бабаларымыз сол көне ақылдылықты дамытатын ойынды ойлап, тауып ойнаған болса, ұрпақтары – бүгінгі қазақ халқы оны жаңғыртып, дамытуда.
Түркістан облысы Созақ ауданының орталығында орналасқан спорттық-мәдени сауықтыру кешенінде тоғызқұмалақтан спорт клуб мекемесінің қызметкерлері арасында облыстық ашық турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Түркістан облысының аудандары мен қалаларынан құралған жалпы 11 команда, 35-ке жуық спортшылар қатысты.
Ұйымдастырылған спорттық шараның мақсаты тоғызқұмалақ ойынын дамытып, аталған спорт түріне жастардың қызығушылығын арттыру.
Облыстық чемпионат барысында спортшылар жылдам ойлау мен есептеудің түрлі тәсілдерін қолданып, қызықты да тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Сайыс нәтижесі бойынша командалық есепте: Созақ ауданы І-орын, Отырар ауданы ІІ-орын,Түлкібас ауданы ІІІ-орын иеленді.
Жекелей жарыста ерлер арасында: І-орын Ыбырайм Таңат Созақ ауданы, ІІ-орын Досымбек Қорғанбек Созақ ауданы, ІІІ-орын Жантелетев Сабит Жетісай ауданы.
Қыздар арасында: І-орын Жаңабай Айда Отырар ауданы, ІІ-орын Балташ Айкерім Төлеби ауданы, ІІІ-орынды Сманқұл Алуа Түлкібас ауданы иеленді.
Жеңімпаз атанған құрама командалар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар табыс етіледі.
Түркістан облысының орталығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының ерлер арасындағы ХХХ және әйелдер арасындағы Х жазғы чемпионаттары өтіп жатыр. «Түркістан Арена» орталық стадионында чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Асқар Төлешев, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев, Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитеті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Александр Чистяков, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да қонақтар қатысты. Олар құттықтау сөзін сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
4 күнге созылатын жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 22 ерлер және 12 әйелдер құрама командасы жүлделі орындарға таласады. Сондай-ақ Түркістан төріндегі жарысқа қатысып, өз күштерін сынап көру үшін Өзбекстан Республикасының және Қырғыз Республикасының спортшылары арнайы келді. Жалпы 340 спортшы қатысып жатыр.
Ашылу салтанатынан кейін жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша финалдық сын өтті. Бұл сайыс күш пен ептілікті талап етеді. Өйткені кедергілерді сәтті еңсеру үшін тек жылдамдық ғана емес, ептілік те қажет. Жүгіріп бара жатып, 2 метрлік қоршаудан өту, бөрене арқылы жүгіру секілді бірнеше элементті қамтиды. Одан кейінгі күндері өрт эстафетасы мен өзге де жарыстар өтеді. Сонымен бірге сатымен екінші және төртінші қабаттарға көтеруден де сынға түсуде.
Таяуда Қырғызстан елінің Бішкек қаласында таэквондо ITF түрінен “RAMIS CUP” халықаралық турнирі өтті. Аталған жарыста Шардара ауданының спортшылары 2 алтын, 1 қола жүлдені еншіледі. Олар: ауданның оқушылары 8-9 жастағылар арасынан — Бақтілеу Әлім,12-13 жас бойынша — Кольцов Владимир, 14-15 жастағылар арасынан Әбдіқадір Абдулла.