«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші балабақшадан бастап мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары болсын білім беру саласының қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік өте үлкен. Мұғалімдердің берген білімі мен тірбиесінің сапасы қандай болса ұлттың болашағы да сондай деңгейде болады. Сондықтан да Түркістан облысында мұғалімдердің сапасы мен білім деңгейін, тәжірибесін арттыру бойынша тиянақты жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде облыс педагогтері ел бойынша үздіктер сапында.
Сондықтан да облыста ұстаз еңбегі бағаланып, өздері құрметтелуде. Ұстаздар күні мерекесіне орай Созақ ауданының орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұстазыма мың алғыс» атты салтанатты шара өтті. Шара барысында ұлағатты ұстаздардың құрметіне дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Салтанатты шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашты.
— Ұстаздар бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Қиындығы мол еңбекте тың табыстарға қол жеткізіп, еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін,-деп ұлағатты ұстаздарды айтулы мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ білім саласының әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға тоқталып, жоспарларымен бөлісті. Білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздарды марапаттады. Шараға арнайы қатысқан сала ардагерлеріне гүл шоқтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жаны жайсаң, мейірімділік пен асқан адамгершілікті жанына серік еткен ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, бірқатар ұстаздарды марапаттады.
Шара аясында шәкірттері биік белестерді бағындырып жүрген шығармашыл ұстаздарға Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаттары және Түркістан облыстық мәслихатының Грамотасы, аудандық мәслихаттың арнайы алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғысы мен Түркістан облысының білім басқармасының «Құрмет Грамотасы», алғыс хаты, Өрлеу» Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Кәсіподаққа еңбегі сіңгені үшін» медалі мен «Құрмет Грамотасы», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет Грамотасы» табыс етілді.
Салтанатты жиын концерттік шараға ұласты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән конкурсының лауреаты, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Кенжебай Шал мерекелік шараны жанды дауыстағы әсем әнмен өрнектеді. А. Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары күмбірлете күй орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шараға жиналған жұртшылық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фоесінде қойылған ұстаздардың қолөнер көрмесін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Келес ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде Мұғалімдер күні мерекесі ерекше форматта атап өтілді. Іс-шараға келген ауданның 500 мұғалімі қызыл кілеммен жүріп, үздік мұғалімдер шеруі ұйымдастырылды. Басқосуға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан ұстаздарына алғыс білдірді.
– Мұғалімдер күні шын мәнінде бүкіл халықтық мереке. Бұл мейрамның қоғам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп қабырғасында болған барлық жанның жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталады. Шәкірттің сәулелі сәтін ғана емес, сонымен қатар жарқын болашағына жасайтын маңызды қадамын да ұстаз бағыттайды. Қадірлі ұстаздар, білім шаңырағындағы әр сағатыңыз қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтарымен ұштассын! Барлығыңызға мәлім бүгінгі күні ұстаз мәртебесін ата-аналардың алдында ауыз толтырып айта алмаймыз. Барлығымыз ұстаз мәртебесін көтеруде бірлесе жұмыс жасағанымыз дұрыс деп санаймын, — деді аудан басшы Жәнібек Есенұлы.
Ісшарада көп жылдық тәжірибесі бар ауданның үздік ұстаздары “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен, Түркістан облысы білім басқармасының, Келес ауданы білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мерекелік концертте ауданнан шыққан елімізге танымал Сержанәлі, НұрҚожа сынды әншілер ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар “Camerata Shymkent” квартеті, Балалар Саз үйі мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері, білім беру мекемелерінің ұстаздары, №5 жалпы білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Светлана Манап, О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебінің хор ұжымы өнер көрсетті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда.