Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында этномедиацияға қатысты пікірін білдірді.
Президент өз сөзінде бірқатар облыстардың мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алғанын атап өтті. Осы орайда, оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты.
«Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет. Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек. Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керектігіне тоқталды.
«Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек. Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді…