Алғашқысы діни сауат ашу, христиан дінінің ілімін үйретуге бағытталған. Кейін сурет салу, ән айту өнерлеріне машықтандырады. Мұнда 7-14 жас аралығындағы балаларға христиан дінінің ілімі үйретіледі.
Сонымен қатар мешіттерде ҚМДБ-ның қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жыл сайын жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жұмыс жүргізуде. Өз қалауына сәйкес аталған курстарда бастауыш діни білім алуға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Кәмелетке толмаған балалар діни курстарға ата-анасының келісімімен бара алады.
ҚМДБ-ның республикалық ислами діни бірлестігіне қарасты Қарилар дайындау орталықтары ашылған. Республика көлемінде Ақмола облысы, Қосшы елді мекенінде ашылған «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани», Шымкент қаласында 2013 жылы тіркеліп, іске қосылған «Ықылас» қарилар дайындау орталығы» және Түркістан облысы, Кентау қаласында ашылған «Балаби қари» Құран жаттау орталығы қызмет атқаруда. Орталықтардың мамандану бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде 12 рухани (діни) білім беру орны жұмыс істейді. Оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.
Діни және дінтанулық бағыттағы барлық мамандықтар бойынша мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген, шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері қалыптасқан…