1868 жылдардан бастап қазақтарды күштеп шоқындыру ісі басталды. 1885 жылы Семей қаласына жандарал Колпаковский келеді. Онымен бірге Петербор қаласында тұратын шоқындыру саясатына әбден дайындықтан өткен қазақ православиялық миссиясының басшысы архимандрит, кейін епископ Сергий (Петров) келді. Келу себебі жергілікті қазақ молдаларының арасында пікір таласа алатын адам бар болса келсін, жеңілсе шоқындырмақшы болып үлкен дайындықпен келеді. Сонда Семейдегі 12 мешіттің имамы хат жазып 250 км жердегі Абайды бес күн ішінде алдыртады. Бұл жерде пікір-таластың барлық бөлігін жазбай өзімізге қажетті жерін ғана жазуды жөн көрдік.
«Сергей, мұсылман дінінше құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан құдай жолындағы құлшылдық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты», — деді. Оған мен: «Біздің құдай «Рахман, Рахым» қуат қана иесі емес, Рақым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Мапақаты бар қуат: әке мен баланың арасы сияқты, әкеше сүюші ие дедім»,-дейді. Міне бізге қажеті де осы тұс. Жаратушыны насихаттаймыз деп тек Қаһһар сипатын ғана насихаттамай Рақым сипатына басымдық берілгені дұрыс секілді. Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады деген осы болса керек.
Қазіргі қоғамда сан түрлі пікір, ұстаным бар. Соның бірі қыз баласының қара түспен орануы яғни қара түсті ниқап кию. Қазақ халқы өз тарихында қара түсті ормалды қандай рәсім кезінде киген деген сауал туады. Әрхам Кәкітайұлының естелігінде Абайдың інісі Оспан қайтыс болғанда: «Жаздай қаралы көш, қара шапан жамылған қатын, қыздар, қатарласып дауыс айтатын болды»,-деген естелікті жазып қалдырды. Яғни орану Құдайдың бұйрығы деп аттан салмай, өз тарихымызға бір қарап, одан кейін оранса қоғамда осынша түсінбестік болмас еді.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы Қ.Қосмаханов